Батыс Қазақстанда өңір тарихы туралы ардагердің кітабы жарық көрді


ОРАЛ. ҚазАқпарат – Жаңақалалық ардагер Зариф Дәулетовтің (1917-1973) «Өткен күннен белгі бар» атты естелік кітабы жарық көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Об этом сообщает http://moscowstreets.net

З.Дәулетовтің жуырда сексеннің сеңгіріне шыққан үлкен ұлы Гамлет ақсақалдың айтуына қарағанда, қолжазба әулет архивінде ұзақ сақталып, тек отбасы мен жақын-жуық арасында мәлім болған.

Тек таяуда ғана Зарифтің Орал қаласында тұратын кіші ұлы, Қазақстан газ өнеркәсібінің үздігі Нұржан Дәулетовтің демеушілігімен шағын дүние жарық көріп, Жаңақала ауданы кітапханалары мен мектеп кітапханаларына жол тартты.

Өткен ғасырдың орта шенінде мұғалімдіктен бастап мектеп директоры, аудандық білім беру бөлімінің басшысы, аудандық атқару комитетінің хатшысы, аз уақыт төрағасы қызметін атқарған З.Дәулетовтің бұл жинағы Орал өңірінің б тарихынан біршама сыр шертеді.

Автор өз әулеті, балалық шағы туралы әңгімелей отырып, арғысы Бөкей хандығы, бергісі кейін Жаңақала аталған Қамыс-Самар жерін мекен еткен халықтың тыныс-тіршілігі туралы жатық тілмен әдемі әңгіме қозғайды.

Сонымен қатар кітапта Екінші дүниежүзілік соғыс алдындағы елдің тыныш өмірі, сұрапыл майдан басталғаннан кейінгі жанкешті ерлігі сөз болған. Оның бер жағында қарапайым адамдардың соғыстан кейінгі ел экономикасын көтерудегі тынымсыз еңбегі баяндалады.

Осылайша бірінші бөлімді қамтыған өмірбаяндық естеліктер жергілікті ел тарихымен тығыз сабақтастықта тартымды суреттеледі.

Ел арасындағы әңгімелер, сол кездегі қазақ ауылдарының этнографиялық суреттері шығармаға ерекше шырай беріп тұр. Кейбір оқиғаларды суреттеуде шежірешіл ақсақалдың жеңіл юморы шығармаға әр бергендей. Одан бөлек автор тіліндегі қанатты сөздердің қолданылуы, молынан пайдаланылған мақал-мәтелдер де оның халықтың сөз қазынасын терең меңгергенін аңғартса керек.

Екі бөлімнен тұратын кітаптың құндылығы Бөкей хандығынан шыққан, Шоқанмен тұстас өмір сүрген қазақтың тұңғыш ғалымдарының бірі, этнограф, қайраткер Мұхамед-Салық Бабажановтың еңбектері туралы пікір білдіріп, ел аузындағы шағын естеліктерді жарыққа шығаруы деуге болады.

М-С.Бабажановтың ғылымға сіңірген еңбегі туралы кезінде Ш.Уәлиханов, П.П.Семенов-Тянь-Шанский, В.В.Григорьев. П.И.Небольсин, А.Харузин және басқалардың өте жақсы пікір айтқаны, дәулескер күйші Дәулеткерейдің оған «Салық өлген» күйін арнағаны тарихтан мәлім.

«Егер Бөкей көшпесе...» демекші, ішкі Бөкей ордасынан небір дүлдүл ақын да, жаужүрек батыр да, жыршы-домбырашы, күй құдіретін танытар нағыз күйшілер де шықты. Сондай ағып түскен жарық жұлдыздың бірі – ғалым М-С.Бабажанов.

Зариф Дәулетов те Мұхамед-Салық Бабажановтың Шоқан Уәлихановпен иығы теңдес тұратын ғалым екендігін айғақтап, ол туралы еңбектердің аз екендігіне, аты ел арасында сақталғанымен, мемлекеттік деңгейде ұлықталмай отырғанына қынжылыс білдірген.

Сөз арасында тіпті оның мұрасын зерттеушілер табылып жатса, Ресей мен Батыс Қазақстан облысының архивтерінде мол жәдігер барлығына жол сілтеп, болжам жасайды.

Бір сөзбен айтқанда, әлі интернеті жоқ заманда әр жерден дерек іздеп, әрі ұлттық тарихымыз мансұқ болып, туған тіліміз теперіш көрген кезеңде З.Дәулетовтің (науқастанып жатып қалғанға дейінгі соңғы қызметі партком хатшысы екен) сескенбей, елдің бірегей тұлғасы хақында ой айтуы – ескерерлік дүние.

Бір қызығы, Мұхамед-Салықтың бұрын да, қазіргі заманда да халқымыз үшін өзекті жер мәселесіне қатысты отарлаушылармен таласқа түскен дауды шешуі туралы ел арасында тараған сөздері сәтті келтірілген. Бұдан басқа да Салық туралы елдегі пікірлер мен ауызекі әңгімелер қызығушылық тудырады.

Ардагер ұрпақтарының ендігі ойы – Зариф Дәулетовтің өзге де жазбаларымен толықтырып, кітапты қайта басып шығару.

«Ұстаздық еткен жалықпас» деп саналы ғұмырын алдымен педагогикаға, кейін ел басқару ісіне арнаған, ауыр науқасы салдарынан пайғамбар жасына жетпей, өмірден өткен Зариф Дәулетов сынды ел ішіндегі зиялы адамдардың жазбалары жарық көріп жатса, жаңа технологияға дегенге тым елітіп, смартфондарға бүтін басымен тәуелді бола жаздаған қазіргі ұрпақ үшін үлкен өнеге, оқыған жасқа өлке тарихынан сыр шертер шежірелі хиқаят болары сөзсіз.


Источник: “http://lenta.inform.kz/kz/batys-kazakstanda-onir-tarihy-turaly-ardagerdin-kitaby-zharyk-kordi_a3588209”