Петропавлда екі жаяу жүргіншіні көлік қақты


ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда жаяу жүргіншілер жолағында бір тәулікте 2 жол апаты болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Об этом сообщает http://peoplelifepassion.com

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 31 қазан күні кешкі сағат 18.20-да Қазақстан Конституциясы мен Пушкин көшелерінің қиылысында жол-көлік апаты болды. «ВАЗ» машинасы белгіленген жерден өтіп бара жатқан 15 жасар жасөспірімді қағып кеткен. Зардап шегуші ауруханаға жеткізіліп, ем-дом алғаннан кейін үйіне жіберілді.

Бүгін таңғы 7.00 шамасында 48 жастағы әйелді көлік соқты. «Kia Sorento» автомобилі оны Н.Назарбаев және К.Сүтішев көшелерінің қиылысындағы жаяу өтпе жолда қаққан. Салдарынан петропавлдық әйел дене жарақатын алды.

Екі оқиға да қараңғы мезгілде болған. Сол себепті тәртіп сақшылары жүргізушілерге сақ болуды ескертеді.

«Құбылмалы ауа райы жүргіншілерге де, көлік жүргізушілеріне де қолайсыз жағдай тудырады. Сол себепті сақтық шараларын күшейтулері керек. Сондай-ақ көлік доңғалақтарын жыл мезгіліне сай уақтылы ауыстыру қажеттігін еске саламыз. Ол да жол-көлік оқиғаларына себеп болып жатады», — дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Тәртіп сақшылары 1 желтоқсаннан бастап қысқы доңғалақсыз жол жүруге тыйым салынатынын ескертеді. Бұл талапты ескермегендерге әкімшілік жаза қарастырылған. Яғни 12 мың теңгеге дейін айыппұл салынады.


Источник: “http://lenta.inform.kz/kz/petropavlda-eki-zhayau-zhurginshini-kolik-kakty_a3581276”